Категории раздела

Мои файлы [22]

Вход на сайт

Поиск

Наш опрос

Оцените мой сайт
Всего ответов: 49

Статистика


Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0




Среда, 23.01.2019, 23:58
Приветствую Вас Гость | RSS
"ЮЖАНКА"—информационно-равлекательный сайт
Главная | Регистрация | Вход
Каталог файлов


Главная » Файлы » Мои файлы

ӘКІМДЕР МИРЗОЯННЫҢ КІМ ЕКЕНІН ӘЛІ БІЛМЕЙ МЕ?!.
31.05.2014, 23:46

ӘКІМДЕР МИРЗОЯННЫҢ КІМ ЕКЕНІН ӘЛІ БІЛМЕЙ МЕ?!.

31 МАМЫР, 2014 11:53 PM0 ПІКІР

ЕЛІМІЗДІ ЕНДІ ОСЫНДАЙ ЗАРЛЫ ЗАМАННАН САҚТАСЫН!..

ӘКІМДЕР МИРЗОЯННЫҢ КІМ ЕКЕНІН ӘЛІ БІЛМЕЙ МЕ?!.

Бүгін 31-мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандары күні  “Ақ жол” партиясы мүшелері Астана маңындағы “АЛЖИР” саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының мемориальды мұражай кешеніне барып, тағзым етті.  “Нұр Астана” мешітінің бас имамы  Наурызбай Тағанұлы құрбандарға арнап дұға бағыштаған соң, ескерткіштің қаралы тақтасына гүл шоқтарын қойып, мұражайды аралап таныстық.

Мұражай ішіне кіріп бара жатқанда, бір жасамыс кісі: “Ішіне кірсең, жұмаққа кіргендей боласың”-деді қандай оймен айтқаны белгісіз… Әлі ішке кіріп үлгермеген мен:  “Жұмақ болатын себебі – бұлар тірісінде тозақ ғұмыр кешті ғой бұл жерде”-деп едім, әлгі кісі келіскендей бас изеді…

Иә, мұражай ішіндегі кешегі қанды террордың  қаралы іздерінің өзі әлі тұла бойыңа үрей себеді…  Арыстарымыздың асыл жарлары осы жерде шынында да, тірідей тозақ ғұмыр кешіпті… Сондағы жазықтары – ерлерінің ерекше тұлғалар  болып, елге  ерен еңбек сіңіргендігінде… Арыстардың асыл жарлары болғандығында…  Халық үшін қан мен тер төккендерден… халық жауы жасап, онымен қоймай олардың отбасы мүшелерін, жарларын темір торда қорлаудың -  азаптаудың асқан түрін тек кеңес империясы ғана ойлап таба алған шығар…

Алаш көсемдері, мұзбалақ Мұстафа Шоқай, дарабоз  Әлихан Бөкейхан, асқан ғұлама Ахмет Байтұрсынұлы,  мірдің оғындай Міржақып Дулатұлы,  ұлы суреткер Жүсіпбек Аймауытұлы, сұңқар Сәкен Сейфуллин, жыр Құлагері Ілияс Жансүгірұлы,  биязы  классик  Бейімбет Майлин,  біртуар Сұлтанбек Қожанұлы, саңлақ Смағұл Сәдуақасұлы, тұрқы бөлек Тұрар Рысқұлов,  нәті  ерекше Нәзір Төреқұлұлы,  жалынды Жанша, Халел Досмұхамедовтер, қарымды қайраткер Мұхамеджан Тынышбаев, заңғар заңгер Жақып Ақбаев, марғасқа математик Әлімхан Ермеков  және т.б.  тұлғалар қасапты репрессия қуғын-сүргінін бастан кешіп, құрбандарына айналды. Ал осы аталған арыстардың аяулы жарлары осы “АЛЖИР” лагерінде азапты жылдарын өткізді. Көбісі осы жерде мәңгілікке қалды…

ӘКІМДЕР МИРЗОЯННЫҢ КІМ ЕКЕНІН ӘЛІ БІЛМЕЙ МЕ?!.Тозақ лагеріндегі апаларымыздың тұтынған дүниелері де тұр мұражайда. Кестелер мен шәлілер, қолсандық пен сырлы  ыдыс-аяқтарына қарап олардың тегін адам болмағанын бағамдайсың…  Мысалы, Сұлтанбек Қожанұлының жары Күләндам  Қожанова мен Темірбек Жүргеновтың жары Дәмеш Ермекова-Жүргенова 8 жылға сотталыпты.  Бейімбет Майлиннің жары Гүлжамал Майлина 5 жылға сотталған. Бәрі де 1938 жылы КСРО НКВД жанындағы Ерекше кеңес шешімімен сотталған. Бейімбет Майлиннің жары Гүлжамал апамыздың жүзіне қарасаңыз – ұлы жазушыға лайық сондай бір қой аузынан шөп алмайтын мейірім тұнған аяулы ана бейнесіне қарап, әлемді тітіреткен  Кеңес одағына қандай “қауіп” тудырды екен деп, күйініп кетесің…  Сондықтан болар, түрмеде азап кешіп жатқанда артынан іздеп келген жарына Биағаңның:  “Баламыз ешуақытта жазушы болмасын, етікші болсын”-деген екен күйініп тұрып…

Бір-бір киелі шаңырақтың берекесі болған Арулар мұнда сызды барактарда сабан үстінде жатып, күніне 800грамм қара нанмен талғажау еткен. Егер Жалаңаш көлден күніне 40 бау қамыс орып әкелмесе, сол нанынан да айрылатын болып, қорқыныш пен үрей құрсауында өмір сүрген…

Ресейдегі 1825 жылғы декабристер Сібірге айдалғанда артарынан іздеп барған жарлары орынды түрде ардақталып жатады. Ал 1937-38 жылдардағы халық жауларының жарларының  ерлерімен бірдей түрме азабын кешкені қалай тағзым етсең де татитын тауқыметті тарих…

Қазақтың қаймақтарын қырып тастаған, елдің жартысына жуығын аштан қырып, бірінің етін, біріне жегізген заманға қарап, “қойдай қырыла берген екенбіз ғой” деп те ашынасың… Өз халқын өзі қырған, өз асылдарын өзі азаптап, әлемдегі ең үлкен мемлекетті ең зор қасапханаға айналдырған елдің қандықол көсемдеріне лағынет айтасың…  Сол зұлматта  1920-1950 жылдар арасында Кеңес одағы бойынша 4 миллиондай адам құрбан болды. Тек Қазақстанда 131 мың адам қуғын-сүргін көріп, 30 мыңға жуығы  атылған екен…  Осындай халықты қыру үшін қанды  қылмысқа құрылған саясатпен жасалған  ғасыр қасіретнамасының  авторы Сталинді әлі де мақтай қалатын біреу  табыла қалса, жағасынан ала кететінің анық… Әрине, Сталин жалғыз емес еді… Оның Қазақстанды жалаңаш жерге айналдыру үшін жіберген  жандайшаптары Голощекин, Ягода, Мирзояндар адам ату “жоспарын” асыра орындады. Жергілікті бір-бірін көре алмайтын қазақтар да қарап қалмай зор “үлесін” қосты…

Айтпақшы, бүгінгі құрбандарға тағзым ету жиынында Ақмола облысы Целиноград ауданы әкімі  Бақберген Мәуленов Алаштың арыстарының қатарында  … қандықол Мирзоянды да атап, масқара болды… Әдеттегідей  екі тілде сөйлемесе… аспан құлап кететін болғандықтан… көзілдірігін қағаздан  көтермеген күйі  орыс тілінде де тағы бір атап өтті Мирзоянды… Хатты біреу дайындап берген күнде де,  1937-38 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандары жатқан “АЛЖИР” лагері орналасқан аудан әкімінің күнделікті баспасөзден, тәуелсіз елмен бірге  өзгеріп жатқан тарихи бетбұрыстардан хабары жоқтығы  қынжылтады…   Қазақстанды басқарып тұрғанда Сталинге хат жазып, нақты 6749 адамды өзі аттырған Мирзоянның атында Алматыда, Астанада, Ақтөбеде көшелер әлі де бар… Биыл Алматы қаласы мәслихаты депутаттары мен белгілі тарихшылар бас қосқан жиында қазақты қырған Мирзоянды әлі де нағашысындай қорғайтын құлдық мінезден арылмағандар табылғаны өкінішті… Әлгі әкімдер  мен “табанды” тарихшылардың көзін ашу үшін ликбез ретінде мынадай мәлімет келтіре кетейік.

«Әділет» тарихи-ағарту қоғамының байырғы мүшесі Сәуле Рақымқызы «Қазақ үні» газетіне берген сұхбатында былай деп нақты жазады: «Мен жақында Мирзоян туралы мәлімет алдым. Осы мәліметті президент мұрағатынан алу үшін бір апта отырып, ақыры аяғында қол жеткіздім. Бұрын соңды мұрағат қызметкерлері ешқандай мәлімет жоқ деп шырылдаған еді. Бірақ өзімнің қайсар, қайтпас мінезімнің арқасында мына хатқа қол жеткіздім.

«Кеңес Одағы Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бас хатшысы Сталин жолдасқа!
«Кеңестік саясатқа қарсы жасалған әрекеттердің негізінде біз бірінші деңгей бойынша 8 мың адамды, екінші деңгей бойынша да 8 мың адамды ату жазасына кесуге рұқсат алдық. Қазір бұл меже толығымен жүзеге асты. Ағымдағы жылдың 10 желтоқсанына дейін Кеңестік ұстанымға қарсы шыққандарды түгелдей жазалауымыз керек. Арнайы ұйымдардың арқасында біз тағы 1600 адамның қитұрқы әрекетке баруға дайындалғандарын әшкереледік. Сол себепті, «Халық жауы» атанғандарды қоғамнан толығымен аластау үшін сізден бірінші деңгей бойынша тағы 600 адамды, екінші деңгей бойынша 1 мың адамды ату жазасына кесу үшін рұқсат сұраймыз. Қазақстан Коммунистік Партиясы Орталық Коммитетінің хатшысы Мирзоян» – деп қол қойып, хатты түнгі сағат 10-да жіберген»-дейді. («6749 адамды Мирзоян жазықсыз ажал құштырды»http://www.qazaquni.kz/15599.html).  Ал осындай жауызды Ақтөбе халқы, анау саясаттың ордасы саналатын Алматы, Астанамыз  неменеге ардақтап отырғанын түсіну қиын…

Сонымен қатар бір айтарымыз, соңғы кезде орынды көтеріліп жүргендей, Ашаршылық күнін Саяси қуғын-сүргін күндерінен бөлек белгілегеніміз дұрыс. Себебі, 1997 жылғы Президент жарлығының өзі ” Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні” деп аталады.  Ол саяси реппрессияның 60 жылдығында шыққан болатын. Ал ашаршылық елімізде 1920 жылдары және 1931-33 жылдары 4 миллионға жуық қазақты, яғни халқымыздың жартысын қырып кетті…

Зұлмат пен зобалаң құрбандарынның рухына мың  тағзым ете отырып, Алла  Тәуелсіз Қазақ елін енді осындай зарлы заманнан сақтасын дейміз!

Қазыбек ИСА

Категория: Мои файлы | Добавил: lenger
Просмотров: 381 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *:

Copyright MyCorp © 2019